Елордада сатушыны жалған чекпен алдаған күдікті анықталды
Байқоңыр ауданының полиция басқармасы жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында сатушыны жалған чекпен алдап соққан астаналық ер адамды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ер адам сауда ойын-сауық орталығында киім сататын бутикте болып, сатушыға мобильді қосымша арқылы тауарға төлем жасағаны туралы чекті көрсеткен. Қаскүнем бас киімнен бастап аяқ киімге дейін толық киім алған. Сол жерде жалпы сомасы 230 мың теңгеден астам қаржыға төлем жасаған чекті сатушыға көрсеткен. Содан күдікті киім салынған пакетті алып, емін-еркін шығып кеткен.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, ер адам кінәсін мойындады. Оның елорда аумағында осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Полиция кәсіпкерлікпен айналысатын қызметкерлердің чектерді қолдан жасап, алдап соғатын алаяқтардан сақ болуын ескертеді.