Елордада шаштараз құралдарын ұрлаған ер адам ұсталды
Елордада шаштараз құралдарын ұрлаған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордадағы сұлулық салонында орын алғанұ рлық әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Оқиға барысында 30 жастағы ер адам мас күйінде саунадан шығып, жоғары қабаттағы сұлулық салонына кіріп, шаштараз құралдарын ұрлап кеткен.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, азамат шаштараз бөлмесінің есігі ашық тұрғанын байқап, сол сәтте қылмыс жасауға бел буған. Ол шаш кептіргіш пен шаш қиюға арналған машинаны ұрлап, материалдық залал келтірген.
Байқоңыр ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктіні анықтап, ұстады. Ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарға бөтеннің мүлкін ұрлау немесе заңсыз иемденудің қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Қоғам қауіпсіздігін сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін ұмытпау қажет.