Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада SOS батырмасы арқылы жоғалған қыз табылды

Елордада SOS батырмасы арқылы жоғалған қыз табылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында 25 арнайы SOS батырмасы орнатылған. Бұл жүйе арқылы тұрғындар кез келген шұғыл жағдайда бірден полициядан көмек сұрай алады.

Жыл басынан бері аталған батырмалар арқылы 25-тен астам шұғыл хабарлама түскен. Солардың бірі 5 жасар бүлдіршінді ата-анасымен қайта табыстыруға сеп болды.

Оқиға қала көшелерінің бірінде болған. SOS батырмасы арқылы полицияға хабарласқан қыз-келіншек жылап тұрған кішкентай қызды байқап, оның сөйлей алмайтынын жеткізген. Хабарлама бойынша жедел жеткен тәртіп сақшылары бүлдіршінді қауіпсіз жерге алып барып, жеке басын анықтады. Белгілі болғандай, ата-анасы осыған дейін қыздарының жоғалғаны туралы полицияға шағымданған.

Жедел әрекеттің нәтижесінде кішкентай қыз аман-есен отбасына қайтарылды.

Бұл оқиға SOS батырмаларының қала қауіпсіздігін сақтаудағы маңызын айқын көрсетті. Мұндай технологиялар азаматтардың белсенділігімен қатар, тәртіп сақшыларына уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді.

Полиция тұрғындарды бейжай қалмауға, қоғамдық қауіпсіздікке ортақ жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру