Елордада "SOS" дабыл түймесі полиция қызметінің тиімділігін арттыруда
Елордада "SOS" дабыл түймесі полиция қызметінің тиімділігін арттыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласында 40 "SOS" жедел шақыру батырмасы орнатылып, тәулік бойы жұмыс істейді.
Аталған жедел шақыру пункттері азаматтар көп шоғырланатын орындарда, атап айтқанда теміржол вокзалдары, базарлар мен қалалық саябақтар аумағында орналасқан. Бұл инфрақұрылым төтенше жағдай туындаған сәтте полициядан жедел әрі ыңғайлы түрде көмек сұрауға мүмкіндік береді.
"SOS" батырмасы арқылы түскен әрбір сигнал бірден полицияның жедел басқару орталығына жолданып, белгіленген тәртіпке сәйкес жедел өңделеді. Оқиға орнына жақын маңдағы патрульдік полиция жасағы дереу жіберіледі.
Жыл басынан бері "SOS" батырмасы арқылы 4 өтініш қабылданып, барлық жағдайда азаматтарға тиісті көмек көрсетілді.
Солардың бірі, қала тұрғыны "SOS" батырмасы арқылы көмек сұраған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері тұрғынның өтінішіне себеп болған жағдайды анықтады. Тексеру барысында оның күйеуінің мас күйде болғаны белгілі болды.
Қоғамдық тәртіп пен отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азамат полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен медициналық оңалту орталығына жеткізілді.
Полиция тұрғындарды қауіп төнген немесе шұғыл көмек қажет болған жағдайда "SOS" батырмасын немесе 102 нөмірін пайдалануға шақырады.
