Елордада студенттер арасында есірткі қылмыстарының алдын алуға арналған көрме өтті
Елордада студенттер арасында есірткі қылмыстарының алдын алуға арналған көрме өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің базасында "Есірткісіз әлем" атты қоғамдық-ағартушылық көрме және ашық диалог алаңы өтті.
Іс-шара Астана қаласы полиция департаменті мен С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ тарапынан ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері Астана қаласы ПД жанындағы есірткі қылмыстарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерімен бірлесіп, студенттерге есірткі заттарының заңсыз айналымы мен қолданылуына байланысты қауіп-қатерлер, жауапкершілік шаралары, сондай-ақ саналы антинаркотикалық ұстанымды қалыптастырудың маңызы туралы түсіндірді.

Бағдарлама аясында есірткіге тәуелділікке қарсы іс-қимылдың әлеуметтік және гуманистік қырларын бейнелейтін фотосуреттер мен көрнекі материалдарды қамтыған көрме экспозициясы ұсынылды. Экспозиция тыйым салынған заттарды қолданудың салдарын айқын көрсетіп, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Сонымен қатар студенттерге "Есірткі қылмыстарының алдын алу және антинаркотикалық ұстанымды қалыптастыру" тақырыбында дәріс оқылды. Дәрісті Астана қаласы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының хатшысы, профилактика және ведомствоаралық үйлестіру бөлімінің бастығы Қибатқызы Әлия жүргізді.
Іс-шара барысында интерактивті қарым-қатынас форматына да ерекше назар аударылды. "Ашық микрофон" алаңы аясында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікірлерін білдіріп, іс-шараның негізгі тақырыбы — "Салауатты әрі саналы ұлт идеологиясын қалай қалыптастыруға болады?" деген мәселеге қатысты ой бөлісті.
Осындай іс-шараларды өткізу жастар арасында антинаркотикалық дүниетанымды қалыптастыруға, студенттер мен құқық қорғау органдары өкілдері арасындағы ашық диалогты дамытуға, сондай-ақ өскелең ұрпақтың құқықтық және әлеуметтік жауапкершілік деңгейін арттыруға ықпал етеді.
