Елордада тұрғындарды 26 млн теңгеге сан соқтырған алаяқ қолға түсті
Елордада тұрғындарды 26 млн теңгеге сан соқтырған алаяқ қолға түсті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс шаралары барысында Сарыарқа ауданы ПБ қызметкерлері алаяқтық жасаған 37 жастағы әйел адамды анықтады.
Күдікті мемлекеттік бағдарлама арқылы аз пайызбен несие беретінін айтып, таныстарын алдаған. Ол өз әрекетін мемлекеттік қолдау және қаржылық көмек алу мүмкіндігі туралы жалған ақпарат тарату арқылы жүзеге асырған. Әйел азаматтарды сендіру үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін несиелер жайлы мәліметтерді бұрмалап, оларды өз пайдасына жаратуды көздеген. Келтірілген шығын көлемі шамамен 26 млн 500 мың теңге.
Дәл осындай іске қатысты 5 эпизоды бар екені белгілі болды.
Ұсталған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалып, оның әрекеттері ҚР қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қарастырылуда. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламаның жалған ақпарат арқылы бұрмалануы азаматтардың қаржылық мүдделеріне нұқсан келтіріп, қоғамға қауіп төндіруі мүмкін. Осы жағдайды құқық қорғау органдары қатаң бақылауға алған.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп, басқа да осындай алаяқтық әрекеттердің жолын кесу мақсатында шаралар қабылдануда.