Елордада туристердің қауіпсіздігі – басты назарда
Астанада шетелдік қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Туристік полиция қызметкерлері елорда әуежайына келген шетел азаматтарын жылы шыраймен қарсы алып, оларға арнайы ақпараттық материалдар мен QR-коды бар туристік карталар таратып, алғашқы бағыт-бағдар мен кеңес беруде. Бұл бастама туристердің елімізге қадам басқан сәттен бастап сенімді әрі қауіпсіз ақпаратпен қамтамасыз етілуіне жол ашады.
Туристік саладағы ашықтық пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында мобильді тележүйелер мен мониторинг және бағалау сайттарында туроператорлар, турагенттер, гидтер мен экскурсоводтардың толық әрі өзекті тізімі жарияланған. Сонымен қатар азаматтарға турөнімдерді сатып алмас бұрын туроператорлардың лицензиясы мен рұқсат құжаттарының болуын міндетті түрде тексеру ұсынылады.
Туристерге арналған маңызды құралдардың бірі – SafeTravel.kz ақпараттық-профилактикалық порталы. Бұл платформа Қазақстанға келуші шетелдіктерге арнап әзірленген ресми ақпарат көзі болып табылады. QR-код арқылы қолжетімді "Туристік карта" арқылы қолданушылар төмендегідей ақпараттарды ала алады:
қауіпсіздік шаралары мен ұсынымдар;
пайдалы мобильді қосымшаларға сілтемелер;
шұғыл қызметтердің байланыс нөмірлері;
Көші-қон заңнамасының талаптары;
қалалардың картасы, ресми такси қызметтері және онлайн-сервистер тізімі;
байланыс операторлары және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмдері.
Портал 6 тілде қолжетімді: қазақ, орыс, ағылшын, қытай, өзбек және тәжік тілдерінде.
Шекаралық бақылау бекеттері мен ірі халықаралық әуежайларда туристік QR-карталар таратылып, туристерге алғашқы ақпараттық қолдау көрсетілуде. Полицейлердің сыпайы қарым-қатынасы, ашық жүздері мен мейірімді сөздері еліміздің қонақжай бейнесін айшықтап, шетелдік қонақтардың ризашылығын тудырды.
Аталған шаралар қоғамдық тәртіпті сақтау мен туристердің құқықтарын қорғауға ғана емес, сонымен қатар Қазақстан туралы жағымды пікір қалыптастыруға бағытталған. Бүгінде бұл жұмыстар ішкі істер органдары қызметінің маңызды бағытына айналып отыр.