Елордада ұландықтар жоғалған баланы іздеп тапты
Ұлттық ұланның 5573 жедел құрамасының сарбаздары бір күнде қос қырағылық танытты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала тыныштығын қадағалау қызметін атқару барысында, сағат 19:15 кезінде әскери жасақ бастығы Ислам Қаппас пен патрульші Отабек Пардаев адасып жүрген 10 жасар қыз баланы байқап қалады. Бұл туралы байланыс құралдары арқылы патрульдік топ бастығы Мейірбек Эргашовқа бірден баяндайды. Жедел ұйымдастырылған іздестіру шараларының нәтижесінде қыз баланың анасы табылып, баласымен қауышты. Қуанған ана ұландық жауынгерлерге шынайы ризашылығын білдірді.
Сол күні сағат 20:30 шамасында әскери тізбекте тұрған қатардағы Ақниет Қозыбай қызмет өткеру кезінде iPhone 14 телефонын тауып алады. Жауынгер дереу тиісті шаралар қабылдап, телефон иесін анықтайды. Көп ұзамай телефонына қол жеткізген азамат сарбаздардың адалдығы мен жедел әрекетіне алғыс білдірді.
Аталған оқиғалар ұландықтардың тек жауынгерлік тапсырмаларды орындаумен ғана шектелмей, қоғам алдындағы азаматтық парызын абыроймен атқарып жүргенін айғақтайды. Әскери қызметшілердің мұндай іс-әрекеттері – ел сенімінің тірегі, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің кепілі.