Елордада ұландықтар жоғалған балақайды тауып, анасына табыстады
ҚР ІІМ Ұлттық ұланның елордалық бригадасының әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде жалғыз жүрген балақайды байқап, анасына табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 24 тамыз күні кешкі сағат 19.15 шамасында болды. Әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Әділет Смайыл патрульші сарбаздар Нұрлыхан Асанбай және Самандар Ералиевпен бірге Астананың Есіл ауданында қызмет атқарып жүрген кезде рация бойынша бала жоғалғаны туралы шұғыл хабарлама түскен.
– Жоғалған бала жайлы белгілерді білген соң, біз дереу оны іздей бастадық. 20 минуттық белсенді іздеуден кейін хабарламадағы белгілерге сәйкес келетін және жалғыз жүрген баланы байқадық. Содан бірден байланысқа шығып, баланы анасына тапсырдық, – дейді әскери жасақ бастығы Әділет Смайыл.
Балақайдың анасы ұландықтарға кәсіби көмегі үшін үлкен алғысын білдірді.