Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада ұрлаған телефонмен алаяқтық жасаған күдікті ұсталды

Елордада ұрлаған телефонмен алаяқтық жасаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елорданың Есіл ауданы ПБ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бірнеше қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы қала тұрғынын анықтады.

Белгілі болғандай, жігіт кешкі уақытта Керей және Жәнібек хандар көшесіндегі үйлердің ауласында кетіп бара жатып терезесі ашық тұрған көлікті байқайды. Қылмыстық оймен ол автокөлікке жақындап, ішінде жүргізушінің ұйықтап отырғанын көреді. Күдікті терезе арқылы салоннан жасырын Huawei телефонып алып кетеді. Кейін ол ұрланған телефонның құпия кодын ашып, WhatsApp месенджері арқылы «Жол көлік оқиғасына тап болдым, шұғыл ақша қажет» деп жәбірленушінің әйелі мен әкесіне хабарлама жолдаған. Осылайша күдікті 130 мың теңге тұратын телефонды ұрлап қана қоймай, алаяқтық жолмен жәбірленушінің шотынан туыстары жіберген 200 мың теңгені иеленіп үлгерген.

Қазіргі уақытта ұсталған азаматқа байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ол кінәсін мойындап, ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер елорда аумағындағы осыған ұқсас фактілерге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру