Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада заңсыз жүрген шетелдік ұсталды

Елордада заңсыз жүрген шетелдік ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Түнгі рейд кезінде Акмешіт пен Алматы көшелерінің қиылысында полицейлердің назарын Mercedes автокөлігі аударды. Патрульдік полицейлердің көлігін көрген жүргізуші күрт аулаға бұрылып, жасырынуға тырысқан.

Алайда қашу әрекеті жолда шлагбаумды қағып өтуімен және екі тұрақтағы көлікті соғуымен аяқталды. Соққы салдарынан олардың бірі тағы бір автокөлікке зақым келтірген. Жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан жүргізуші көлігін тастап, жаяу қашпақ болды, бірақ тәртіп сақшылары оны дер кезінде ұстады.

Тексеру барысында оның ел аумағында заңсыз жүрген шетелдік екені анықталды. Бұған қоса бірнеше құқық бұзушылық тіркелді:

  • көлікті жалған мемлекеттік нөмірлермен жүргізу;

  • тұруға рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан заңсыз такси қызметін көрсету;

  • сақтандыру полисі жоқ көлік басқару.

Mercedes автокөлігінің нөмірлері мүлде басқа көлікке тиесілі болып шықты. Тергеу барысында күдіктінің оларды бөтен көліктен өз бетінше шешіп алғаны белгілі болды. Сондай-ақ рөлді оған тиісті құжаттары жоқ адамға берген көлік иесі де жауапқа тартылатын болады.

Сот шешімімен құқық бұзушы үш тәулікке әкімшілік қамауға алынып, көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін де жауапкершілікке тартылды.

Полиция департаменті ескертеді: мұндай әрекеттер жолдағы қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді. Заңды әдейі елемейтіндерге қатаң шара қолданылатыны айтылды. Жалған деректерді пайдалану, полициядан қашу және көлікті жауапсыз жүргізу ауыр жауапкершілікке әкеліп қана қоймай, айналадағы адамдардың өміріне қауіп төндіретіні атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру