Елордада зейнеткер полицейлерге алғыс білдірді
Елордада зейнеткер полицейлерге алғысын білдірді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана күні мерекесін атап өту кезінде зейнеткер жұп Бәйтерек монументі аумағында серуендеп жүріп, мерекелік көңіл-күйге бөленген болатын. Алайда бір сәтте ер адам өзінің телефонының жоғалғанын байқайды.
Уақыт жоғалтпай, ол жақын маңда жүрген полиция қызметкерлерінен көмек сұрайды. Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Азамат Каримов пен Анархан Өмірбеков жағдайға жедел әрекет етіп, небәрі 10 минут ішінде телефонды тауып, иесіне қайтарып береді.
Зейнеткер тәртіп сақшыларына кәсібилігі, жанашырлығы мен жедел көмегі үшін алғысын білдірді.
– Аға лейтенанттар Анархан Өмірбеков пен Азамат Каримов бізге туғанымыздай қарап, жасымызға құрметпен қарады. Аға, бірге барып қарап көрейік. Егер таппасақ — бейнебақылау камераларын тексереміз, — деді.
Болжам бойынша, телефон түсіп қалуы мүмкін деген жерді бірге аралап шықтық. Алғашында таба алмадық, бірақ біраз уақыттан кейін Анархан өзі тауып, қолыма табыстады. Бұл біз үшін үлкен қуаныш болды — өйткені менің жасым сексенге таяп қалды.
— Біз тек алғысымызды білдіргіміз келді. Астаналық полицейлер халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтіні, қоғам сеніміне лайық екені анық көрініп тұр. Мен мұны өз көзіммен көріп, шын жүректен алғыс айтқаныма қуаныштымын, — деді елорда тұрғыны.
Полиция қала тұрғындары мен қонақтарына: жеке заттарыңызды жоғалтқан жағдайда немесе шұғыл көмек қажет болса, полиция қызметкерлеріне жүгініңіз — олар әрдайым жаныңызда және көмектесуге дайын екенін еске салады.