Елордада жалған қайғы жамылып, әріптестерінен ақша жинаған қызметкер әшкереленді
Елордада әріптестерін алдап, жалған қайғы арқылы ақша жинаған қызметкер әшкереленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордадағы бір компанияның қызметкері әріптестерін алдап, олардың сенімін теріс пайдалану арқылы ақша иемденгені үшін тергеуге алынды.
Ер адам жұмыстан уақытша босату туралы өтініш жазып, әкесінің қайтыс болғанын айтып, басшылықтан демалыс сұраған. Басшылық көңіл айтып, оған демалыс беріп қана қоймай, әріптестер арасында қаржылай көмек жинауды ұйымдастырған.
Бір апта өткен соң ол әріптестеріне анасының да дүниеден өткенін хабарлап, тағы да көмек сұраған. Алайда әріптестері күдіктеніп, жағдайды анықтау үшін анасына хабарласқан кезде оның тірі және денсаулығының жақсы екенін білген. Осылайша қызметкердің алдау әрекеті әшкере болды.
Анықталғандай, 20-дан астам қызметкер оның есепшотына әртүрлі мөлшерде ақша аударып, көмек қолын созған. Ал ол алынған қаражатты жеке қажетіне жұмсауды көздеген.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция азаматтарға мұндай жағдайларда абай болуға, ақпараттың шынайылығын тексеруге және эмоцияға ерік бермеуге кеңес береді.
Өзгенің мейірімін пайдалану мен сенімді теріс қолдану — қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекет екенін ескертеді.
