Елордада жалған QR-код қолданған ер адам ұсталды
Елордада жалған QR-код қолданған ер адам ұсталды - деп хабарлады Polisia.kz.
Астана қаласында полиция қызметкерлері алаяқтық жасаған 40 жастағы ер адамды қолға түсірді.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті тауар сатып алу сылтауымен банктің мобильді қосымшасында жалған QR-код көрсетіп, сатушыларды алдаған. Ол төлем жасалғандай көрініс жасап, жалпы сомасы 45 мың теңге болатын мүліктік пайда тапқан. Қазіргі уақытта оның екі қылмыстық эпизодқа қатысы бар екені белгілі болды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция бейнебақылау жазбаларын зерделеп, куәгерлерден түсініктемелер алып, күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды тауар немесе қызмет үшін төлем қабылдаған кезде қаражаттың нақты түскенін мұқият тексеруге шақырады. Сонымен қатар құқық қорғау органдары интернет пен мобильді қосымшалар арқылы жасалатын алаяқтықтың кең тарағанын ескертіп, азаматтарды қырағылық танытуға үндейді.