Елордада жаңа екі учаскелік полиция пункті ашылды
Елордада жаңа екі учаскелік полиция пункті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада "жұртқа жақын полиция" қағидаты табысты жүзеге асырылып жатыр. Бүгін Есіл ауданында қалалық әкімдіктің қолдауымен №29 және №33 жаңа учаскелік полиция пункттері өз жұмысын бастады.
№29 УПП "Жетісу" саябағы аумағында, Арай көшесі 35Б/1 мекенжайында орналасқан.
№33 УПП — Бұхар Жырау көшесі 32 мекенжайында, "Триумф Сити" тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында орналасқан.
Пункттердің жалпы ауданы 80,8 және 169,98 шаршы метрді құрайды. Қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет ету және алдын алу шараларын жүргізу мақсатында әр пунктте 9 қызметкерден жұмыс істейтін болады.
Салтанатты ашылу рәсіміне Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев, аудан әкімі мен мәслихат депутаттары қатысты.
Әрбір учаскелік пункт заманауи техникамен жабдықталған. Онда жеке қабылдау бөлмелері және азаматтарды қабылдауға арналған кабинеттер бар. Қызмет көрсететін аумақта әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық нысандар – Министрліктер үйі, "Бәйтерек" монументі, Ботаникалық бақ, үш мектеп және өзге де мекемелер орналасқан.
- Жаңа пункттердің ашылуы – бұл жай ғана инфрақұрылым емес, бұл әр ауданға полицияның жұмысын күшейту. “Заң және Тәртіп” қағидаты аясында біз халыққа барынша жақын болуға, жедел әрекет етуге және әрбір тұрғын үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға тырысамыз, — деп атап өтті Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.
Енді тұрғындар өз ауданынан шықпай-ақ учаскелік полиция инспекторлардың көмегіне жүгіне алады.