Елордада ЖОО-ға түспек болған азамат алаяққа алданып қалды
Елордада ЖОО-ға түспек болған азамат алаяққа алданып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елорда тұрғыны алаяқтың құрбаны болғанын айтып, полицияға арызданған. Атап айтсақ, 28 жастағы жігіт жоғары оқу орнына түсуге көмектесемін деген желеумен астаналық тұрғынның ақшасын иемденіп, алдап кеткен. Оған келтірілген шығын көлемі 600 мың теңгені құрады.
Анықталғандай, алаяқ өзінің жоғары дәрежелі байланыстарының бар екенін айтып, төмен балл жинағанына қарамастан, талапкерді университетке түсіремін деп уәде берген. Ол өз қызметін 1,5 миллион теңгеге бағалап, 600 мың теңге аванстық төлем алған. Ақшаны алғаннан кейін қаскүнем уәделескен жәбірленушімен байланысын үзген.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Алматы ауданы ПБ қызметкерлерімен оның жеке басы анықталынып, тағы да осыған ұқсас алаяқтық іске қатысы бар екені белгілі болды.
Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта оның елордада осыған ұқсас заңсыз әрекеттерге қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.