Елордада жыл басынан бері түнгі уақытта тыныштықты бұзудың 16 мыңнан астам фактісі тіркелді
Елордада жыл басынан бері түнгі уақытта тыныштықты бұзудың 16 750 фактісі тіркелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл деректер қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі профилактикалық шаралардың нәтижесі екенінің айқын көрінісі.
Мәселен, жуырда көпқабатты үйдің тұрғындары түн ортасында ауладан шыққан қатты шудан мазалары кеткенін айтып, полицияға хабарласқан. Тексеру барысында анықталғандай, бұл – ата-анасының қарауынсыз жүрген жасөспірімдердің әрекеті болған. Оқиға орнына дереу жеткен учаскелік полиция инспекторлары тиісті әкімшілік хаттама толтырды.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауға, түнгі уақытта тыныштық сақтауға және заң талаптарын бұлжытпай орындауға шақырады. Тыныштықты бұзу фактілеріне куә болған азаматтар 102 нөміріне хабарласып, өз шағымдарын білдіре алады. Бұл бағытта алдын алу және түсіндіру жұмыстары жалғасуда.