Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордадағы мерейлі мерекеге арналған мазмұнды шара

Астана қаласының полиция департаментінде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай салтанатты іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Мерекелік жиында сөз алған полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев атаулы күндердің маңыздылығына тоқталды.

– Бұл мереке – ұлы ерліктің, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің символы. Туған жерін жаудан қорғаған әкелеріміз бен аталарымыздың еселі еңбегі мен өшпес ерлігі – бүгінгі ұрпаққа мәңгілік өнеге. Майдангерлердің қаһармандығы, тыл еңбеккерлерінің жанқиярлығы арқасында Жеңіс туы желбіреді. Ардагерлеріміздің өмір жолы – нағыз патриотизмнің, адамгершіліктің, елге, елдікке адалдықтың айқын үлгісі, – деді департамент бастығы.

Сондай-ақ ол ішкі істер саласында да батырлық танытқан жандардың бар екендігін атап өтті. Тәуелсіздік жылдарында азаматтардың тыныштығын қорғау жолында 8 полиция қызметкері ерлікпен қаза тапса, елордалық Полиция департаментінің 17 офицері қызметтік міндетін атқару кезінде мерт болған. Батыр әріптестерінің есімі ұжым жадында мәңгі сақталады.

Дәстүрге сай салтанатты шара марапаттау рәсімімен басталды. Ерекшеленген қызметкерлер мен ішкі істер органдарының ардагерлеріне Ішкі істер министрі мен полиция департаменті бастығының атынан алғыс хаттар, құрмет грамоталары, медальдар мен мерзімінен бұрын арнаулы атақтар табысталды.

Ресми бөлімнен соң Отан қорғаушылардың ерлігі мен табандылығына арналған патриоттық әндер шырқалған мазмұнды концерт өтті.

Тағылымы терең бұл шара – ұлт үшін ұлы істің ұрпақ жадында жаңғыруына зор үлес қосты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру