Елордаға әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдірді
Қазақстанға Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен келген шетелдіктер Астана полицейлеріне жоғалған заттарын тауып бергені үшін алғыс білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әуежайда бір топ шетелдіктерді еріктілер қарсы алып, оларды тіркеу орталығына, содан кейін қонақүй кешеніне алып барды. Қарбалас кезінде Үндістаннан келген қонақтардың бірі рюкзагын жоғалтып алып, оны тек қонақүйге келгенде білген.
Хабарламаны алған сәттен бастап елордалық полиция қызметкерлері дереу іздестіру іс-шараларын бастады. Бейнебақылау камераларын қарау кезінде жедел қызметкерлер қол жүгінің автобус салонында қалғанын анықтады. Нәтижесінде рюкзак табылып, иесіне қайтарылды.
Шетелдік азамат Қазақстан полицейлеріне өзінің қызметтік міндеттерін адал орындағаны үшін шын жүректен алғысын білдірді.
Тағы бір оқиға АҚШ делегациясының құрамындағы Нью-Делиден келген Үндістан азаматының басынан өтті. Сапар барысында ол жұмыс үшін маңызды ақпаратты қамтитын қымбат телефонынан жоғалтқан. Полиция қызметкерлеріне жүгінген ол тәртіп сақшыларының жылдам реакциясына таң қалды. Полицейлер телефонды қысқа уақыт ішінде тауып, қайтарып берді. Үндістан азаматының өзі де, американдық делегациядағы әріптестері де полицияға кәсібилігі үшін алғыс білдірді.
– Бақытыма орай, мен жақын жерде тұрған полиция қызметкерлерін кезіктірдім. Олар маған телефонды небәрі 40 минутта табуға және қайтаруға көмектесті. Мен өте қуаныштымын, рақмет! – деп Үндістан азаматы алғысын білдірді.
Тағы бір оқиға Словакиядан келген балуан спортшымен болды. Ол жарысқа келіп, жаттығу залында орындықта екі сөмкені қалдырып кеткен, оның біреуі досына тиесілі. Содан кейін ол ойындардың ашылу салтанатына қатысу үшін залдан кетіп қалған. Іс-шарадан кейін ол сөмкелердің бірі жоғалып кеткенін байқаған.
Жоғалып кеткені туралы ақпарат алғаннан кейін елордалық полиция қызметкерлері жедел іс-қимылға кірісті. Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттегеннен кейін полиция Қырғызстаннан келген спортшылар өз заттарымен шатастырып сөмкені қателесіп алып кеткенін анықтады. Қырғыз спортшыларымен байланысып, полиция көп ұзамай сөмкені иесіне қайтарып берді. Спортшы полицияның жеделдігі үшін алғысын білдіріп, олардың көмегі арқасында жарысқа қатысуды жалғастыра алғанын атап өтті.
– Сәлеметсіз бе! Мен Словакиядан келдім. Біз бір мәселеге тап болдық. Рюкзагымызды жоғалтып алдық, оны басқа жігіттер қателесіп алып кеткен. Мен қазақстандық полицияға сөмкемізді табуға көмектескені үшін алғысымды білдіргім келеді. Біздің барлық жеке заттарымыз орнында. Тағы да көп рақмет, – деп бөлісті спортшы.