Елордалық азамат қоймадан құны 1,8 млн теңге болатын үш телефонды қолды қылдан
Елордалық азамат қоймадан құны 1,8 млн теңге болатын үш телефонды қолды қылдан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға елордалық жеке кәсіп иелерінің бірі жүгініп, қоймадан Iphonе 14 Pro, Iphonе 14 Pro Max, Iphonе 15 Pro телефондарын белгісіз біреу ұрлағанын айтып, арызданған. Байқоңыр ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 22 жастағы қала тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында жас жігіттің техника сататын интернет дүкеннің Алаш тас жолында орналасқан қоймасында бұрын соңды жұмыс істегені белгілі болды. Кешкі уақытта қызметкерлер жоқ сәтті пайдаланып, қаскүнем тауарлар сақталған қоймадан жалпы сомасы 1 млн 870 мың теңгеден асатын телефонды жасырын алып кеткен. Ұрланған гаджеттерді ломбардқа өткізіп жіберген.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталған азамат мойындау көрсетпелерін берді, заттай дәлелдемелер тәркіленді. Оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.