Елордалық полицейлер автокөлік бөлшектерін ұрлаған ТҚС қызметкерін қолға түсірді
Елордалық полицейлер автокөлік бөлшектерін ұрлаған ТҚС қызметкерін қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыарқа ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ұрлық жасаған азаматты қолға түсірді.
Қаскүнем Ақтоғай көшесінде орналасқан техникалық қызмет көрсету станциясына жұмысқа тұрып, елорда тұрғындарының көліктерінен бөлшектер ұрлаған.Ол қызмет көрсету станциясына келген көліктерді бақылап жүрген. Қылмыстық ойын іске асырмақ ниетпен түнгі уақытта есікті кілтпен ашып, станция аумағына кіріп, Chevrolet Nexia автокөлігінен катализатор, Lada Granta автокөлігінен қозғалтқыш пен беріліс қорабын шешіп алған.
Белгілі болғаны, 33 жастағы ер адам бұрын да ұрлық жасағаны үшін сотты болған, ол өз кінәсін мойындады. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, күдіктінің елорда аумағында осыған ұқсас бұрын жасалған басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.