Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордалық полицияда 9 айдың жұмыс қорытындысы шығарылды 

Астана қаласының Полиция департаментінде жедел-қызметтік жұмысының 9 айының қорытындысы шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жиынға Астана қаласы прокурорының орынбасары Ержан Бердібеков пен елордалық полиция басшылығы қатысты.

Елордалық департамент бастығы Марат Төлебаев жеке құрамға ҚР ІІМ алқасының кеңейтілген отырысында iшкі істер министрінің берген негізгі талаптары мен тапсырмаларын жеткізді. Бірқатар басшылардың өткен кезеңдегі жұмыс нәтижелері туралы баяндамалары тыңдалып, жасөспірімдер қылмысының алдын алу, ұрлық пен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жедел-қызметтік жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған нақты міндеттер мен іс-шаралар белгіленді.

Қоғамның полицияға деген сенімін қалыптастыратын негізгі көрсеткіштердің бірі – азаматтардың көшедегі қауіпсіздікті сезінуі болып табылады. Қоғамдық тәртіпті қорғауға цифрлық технологиялар, бейнебақылау камералары, дабыл батырмалары, полицияның модульдік бекеттері белсенді енгізілуде.

Қабылданған шараларға қарамастан, 9 айдың қорытындысы бойынша қоғамдық орындарда және көшелерде жасалған қылмыстардың өсуі байқалады.

Сонымен қатар соңғы 5 жылда қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 3 есеге, ал көшелерде – 4 есеге азайған. Егер 2017 жылы қоғамдық орындарда 12 058 қылмыс тіркелген болса, биыл – 4 249, көшелерде – 6 054, ағымдағы жылы – 1 515.

Мемлекет басшысының 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауы туралы тапсырмасын іске асыру аясында жасөспірімдер қылмысының проблемаларын шешу және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қамтамасыз ету ерекше өзекті болып отыр. Бұл ретте кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау мен алдын алудың маңызды шарасы – олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Қылмыстық әрекетке барған кәмелетке толмағандардың 25%-ның еш жерде оқымағаны және жұмыс істемегені атап өтілді. 

Өзекті болып табылатын балалардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де қозғалды. Жыл басынан бері балалардың қатысуымен 90 ЖКО тіркелді, онда 97 адам жарақат алып, біреуі қайтыс болды. Осы ретте жаяу жүргіншілер жолағында 59 бала жарақат алған, олардың көпшілігі жолдың бөлігін белгіленбеген жерлерден кесіп өткен.   

Тұрмыстық қылмыстың алдын алуды күшейту мақсатында үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, дағдарыс орталықтарымен өзара іс-қимыл мәселесі көтерілді. 

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жыл басынан бері 167 есірткі қылмысы тіркелді. Заңсыз айналымнан 250 келіден астам түрлі есірткі құралдары тәркіленді. 4 есірткі зертханасының, оның ішінде бір фитозертхананың қызметі тоқтатылды, 69 есірткі сайты бұғатталды. Синтетикалық препараттармен байланысты 152 есірткі қылмысы тіркелген. 34,2 келі синтетикалық есірткі тәркіленді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 есе көп.

Қорытындылай келе, елордалық полиция басшысы жетілдіруді қажет ететін басым бағыттарды атап өтіп, алдағы кезеңге қызмет жетекшілеріне бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру