Елордалық тұрғынға шетелге жалған билет сатпақшы болған күдікті ұсталды
Елордалық тұрғынға шетелге жалған билет сатпақшы болған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға қала тұрғыны жүгініп, алаяқтық іс-әрекеттердің құрбаны болғанын хабарлаған. Жәбірленушінің айтуынша, ол отбасымен бірге шетелге демалуға бармақшы болып, өзін туристік компанияның қызметкері ретінде таныстырған алаяққа 1 млн 125 мың теңге бергенін айтқан. Мән-жайды анықтауға жұмылған Астана қаласы полиция департаменті Алматы ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен 36 жастағы қала тұрғынын құрықтаған.
Тергеу барысында әйелдің бұрын туристік агенттікте жұмыс істегені белгілі болды. Күдікті азаматша Араб Әмірліктеріне тиімді бағада билеттер беремін деген сылтаумен клиенттен алдын ала төлем алып, ұмытылмас демалыс ұйымдастыруға уәде берген. Алайда билетсіз қалып, ойлаған мақсаты орындалмаған азамат бірден полицияға жүгінген.
Қазіргі кезде күдікті ретінде ұсталған азаматшаға қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр..