Елордалық тұрғынның көлігін эвакуатордың көмегімен ұрлап кеткен
Елордалық тұрғынның көлігін эвакуатордың көмегімен ұрлап кеткен, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Самал базарының жанындағы жол жиегінде иесі қараусыз қалдырған BMW-325 автокөлігін белгісіз біреу ұрлап кеткен.
Көліктің істен шыққанын айтып, оны жоғалтып алғанын хабарлаған қала тұрғыны полицияға арызданды.
Сарыарқа ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында 35 жастағы күдікті анықталды.
Күдікті полицияға жеткізіліп, кінәсін мойындады. Ол біраз уақыт көлікті сырттай бақылап жүргенін және иесі жоқ деп ойлағанын айтқан. Тергеу барысында ер адамның эвакуатор жүргізушісімен келісіп, оған көлікті ұрлап жатқанын айтпай, темір тұлпарды өз үйіне апарып қойғаны анықталды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Ұрланған көлік иесіне қайтарылды.
Полиция автокөлік иелеріне көліктерін күзетілетін тұрақтарға қоюды және ұрлық пен айдап кетудің алдын алу мақсатында дабылқаққыш жүйесін орнатуды ұсынады.