Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елорданың бас полицейі Астана қаласы мәслихаты сессиясында сөз сөйледі

Елордалық полиция басшысы Астана қаласы мәслихаты сессиясында сөз сөйледі, – деп хабарлайды Polisia.kz

Бүгін Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев мәслихат отырысында криминогендік жағдайдың жай-күйі және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Қаланың бас полицейі елорда тұрғындары мен қонақтарының жайлы және қауіпсіз тұруы үшін мақсатқа бағытталған шаралардың қабылданып жатқанын атап өтті.

Статистикаға сүйенетін болсақ, қылмыстың 6,8 пайызға өскені байқалады. Бұл қылмыстық ахуалдың күрделенуімен байланысты емес. Жалпы, қалада жедел ахуал тұрақты.

Қабылданған шаралар нәтижесінде адам өлтіру 5 пайызға, зорлау 17,1 пайызға, тонау 9,1 пайызға, қарақшылық 50 пайызға, бұзақылық 52,5 пайызға төмендеген.


146 есірткі қылмысы, оның ішінде 107 есірткіні өткізу фактісі анықталды, 200 келіден астам әртүрлі есірткі түрі, оның ішінде 34 келі синтетика тәркіленді. Есірткі дайындаумен айналысатын 4 зертхана әрекетінің жолы кесілді, 66 есірткі сайты бұғатталды.

– Бүгінгі таңда қылмыспен күресіп қою ғана маңызды емес, сонымен қатар адамдардың қауіпсіздігінің деңгейін жоғарылату маңызды, – деп атап өтті Марат Төлебаев.

Жүргізіліп жатқан жаңғырту шеңберінде полиция жұмысының сервистік моделін енгізу қамтамасыз етіліп, құқық бұзушылықтың алдын алуда жаңа әдіс-тәсілдер пысықталуда. 

Сервистік полицияның мақсаты – халыққа барынша тиімді әрі ұтымды қызмет көрсету және халық қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету.

Алматы ауданының аумағында “Қазақстан полициясының сервистік моделі” пилоттық жобасы енгізілді. Ол полицейлердің азаматтарға сапалы қызмет көрсету принципінде және қауіпсіздік мәселесін шешу кезінде қоғаммен серіктестікті орнату негізінде құрылған.

Жобаны енгізген сәттен бастап, учаскелік инспекторлардың танымал болу деңгейі 3 есеге артты, олардың жұмысын ақпараттық хабардар ету де артқан. Учаскелік инспекторлардың күнделікті жұмыс процесін ұтымды ету нәтижесінде олардың халықпен жұмыс істеу уақыты да артқан.

Биылғы жылы Сарыарқа ауданы бойынша тағы да бір пилоттық жоба іске қосылды Жұртқа жақын полицей” кағидаты енгізілді, нәтижесінде полицейлердің қоғамдық орындарда тиімді әрі тұрақты болуы қамтамасыз етілді.

Өткен жылы модульдік үлгідегі 10 стационарлық бекет орнатылды. Учаскелік полиция пункттерінің саны 27-ден 42-ге дейін өсті.

Бұған қоса қалада алдымыздағы үш жылдың ішінде осы санды екі есе арттыру жоспарлануда.

Дабыл белгісін беру немесе полицияны шұғыл шақырту үшін адамдар көп шоғырланатын орындарда 13 бірлік “SOS батырмасы” дабыл жүйесі орнатылды.  Жол жүрісі қағидасын бұзу фактілерін тіркейтін автоматтық жүйелер көліктік тәртіпті арттыруға септігін тигізеді.

Осы жылдың сәуір айынан бастап патрульдік полиция қызметкерлері “Қорғау” мобильді қосымшасын пайдалануда, осылайша ЖҚЕ бұзғандар туралы мәліметтер тікелей олардың планшеттеріне келіп түседі. Аталған қосымшаны енгізген сәттен бастап, 84 жалған нөмір белгісін орнатқан, 395 жүргізу куәлігі жоқ және 169 көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған жүргізуші анықталды. Коммуналдық тұраққа 681 көлік қойылды, 5 мыңнан астам жүргізуші 656 млн теңге құрайтын әкімшілік құқық бұзушылық бойынша қарыздарын төлеу туралы хабардар етілді.

Табиғатты қорғау полициясы күн сайын тұрғындардың Астана аумағында абаттандыру қағидаларын сақтауын бақылауды қамтамасыз етеді. Аталған ережені бұзған 13 мыңнан астам бұзушыға 42,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

Жыл сайын бейнебақылау жүйесі де кеңейтілуде, оның көмегімен қылмыстар ашылады және құқық бұзушылықтар анықталады.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ЖБО-ға 218 оқу мекемесінен 4944 бейнекамера және 202 дабыл батырмасы біріктірілген. 

Қаланың бас полицейі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында патрульдік полиция қызметкерлері бейнежетондармен, ал патрульдік автомобильдер мобильді бейнетіркеуіштермен 100 пайыз қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті.

Департаменттің және оның аумақтық бөліністерінің қызметтік үй-жайларында жаппай бейнебақылау шеңберінде ЖБО-ға қосылған 566 бейнекамера орнатылған.

Бұған қоса полиция қызметкерлері өз кәсіби борышын адал атқаруда. Соңғы 2 жылдың ішінде елордалық гарнизонның 86 қызметкері мемлекеттік наградамен марапатталды.

Сөз соңында Марат Төлебаев басты міндеттердің бірі – Астана тұрғындарының заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру