Елорданың бас полицейі көші-қон қызметі басқармасының жаңа ғимаратын аралады
Елорданың бас полицейі көші-қон қызметі басқармасының жаңа ғимаратын аралады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев көші-қон қызметі басқармасының жеке құрамының халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуге дайындығын тексерді. Күрделі жөндеуден кейін көші-қон қызметі Сейфуллин көшесі 29 мекенжайына көшірілді. Үй-жайдың ауданы шамамен 600 шаршы метрді құрайды, келушілердің жайлылығы мен полиция қызметкерлерінің жұмысының ашықтығы үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда мемлекеттік қызметтің 12 түрін алуға болады.
Елорданың көшелерінде және қоғамдық орындарында тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында көші-қон және жергілікті полиция қызметінің күштері тұрақты негізде мақсатты рейдтік пысықтауларды жүзеге асырады, шетел азаматтарының белгіленген ережелерді сақтауы тұрғысынан құрылыс объектілерін, саяжай массивтері мен базарларды тексеру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады.
Жыл басынан бері 7 мыңнан астам шетелдік пен ҚР азаматы жауапкершілікке тартылды. Елден 512 шетелдік азамат шығарылды. 853 шетелдік азаматтың ҚР-да болу мерзімі қысқартылды. 1244 шетелдік азамат қабылдап-таратуға орналастырылды. Сонымен қатар көші-қон қызметі іздестіру жұмыстары барысында осы жылдың 6 айында 134 алимент төлемейтін азамат және 218 борышкер анықталды.