Енді ШҚО полициясының жұмысын QR-код арқылы бағалауға болады
Енді ШҚО полициясының жұмысын QR-код арқылы бағалауға болады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғаммен тығыз қарым-қатынас және тұрғындардың кері байланысы – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі әзірлеп жатқан 2024-2028 жылдарға арналған Қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасының негізін құраған басты факторларының бірі.
– Бұл модельдің негізінде адам тұрады, ал мемлекеттік орган мұндай өзара іс-қимылдың нәтижелі болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы керек. Бұл ШҚО полициясының қызметіне енгізіліп жатқан жаңашылдық – QR-код арқылы бағалау болды. Яғни. оның көмегімен қарапайым сауалнама арқылы өтіп, аймақтағы полиция қызметінің сапасын бағалауға болады және қай жерде мәселе бар, оны жою жолдарын анықтауға болады, – дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков.
Олар әрбір патрульдік автокөлікте, полицияның кезекші бөлімінде, сондай-ақ полиция пунктері мен қолжетімді жерлерде орналасқан. Жауаптар Google формасы көмегімен талданады. Осылайша, нақты уақыт режимінде полиция бөлімшелеріне қанша адам жүгінетінін, қандай мәселелер бойынша және ең бастысы – көрсетілген қызметтің сапасын білуге болады.
Облыс орталығының тұрғындары да жаңашылдықты жоғары бағалап, сауалнаманы толтырудың ыңғайлылығы мен жеңілдігін, сондай-ақ полиция жұмысының сапасын арттыруға өз ұсыныс-тілектерін білдіру мүмкіндігінің бар екенін атап өтті. Полицейлер үшін сауалнама деректері жұмысты талдауға, түзетулер енгізуге көмек болады.