Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Еңбегімен еленген нар тұлға

Еңбегімен еленген ардагердің өмір жолы — тарихтың тірі шежіресі. 90 жасқа толған Шолпанбай Жүнісбеков ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында біз тек соғыс майданында ерлік көрсеткендерді ғана емес, соғыстан кейін еліне аянбай еңбек етіп, тыныш өмірді қалыптастырған, қоғамдық тәртіпті күзеткен және отансүйгіштік рухты кейінгі ұрпаққа аманат еткен ардагерлерді де зор ілтипатпен еске аламыз. Сондай ардақты азаматтың бірі – биыл қаңтар айында 90 жасқа толған Шолпанбай Жүнісбеков. Оның өмір жолы – тарихтың тірі шежіресі. Балалық шағынан бастап еңбекпен шыңдалып, ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарған, елге қызмет етуді өмірлік мұраты еткен тұлға.

Шолпанбай Әшірбекұлы 1935 жылы 12 қаңтарда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылында дүниеге келген. Балалық шағы – Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарына тұспа-тұс келді. Аштық, қиыншылық, ерте еңбек ету – сол кезеңнің шынайы көрінісі. Осы қиындықтар оның бойында өмір бойы серік болған төзімділік, адалдық, еңбекке деген құрмет сияқты қасиеттерді қалыптастырды.

Ол қарапайым шаруа отбасында тәрбиеленді: әкесі – кірпіш зауытында күзетші, анасы – орман шаруашылығында жұмысшы болды. Анасының бойындағы табиғатқа деген сүйіспеншілік пен еңбекқорлықты бойына сіңіріп өсті. Жастайынан орман өртімен күресіп, туған өлкесін көгалдандыру мен абаттандыруға атсалысты.

Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын тәмамдағаннан кейін, Шолпанбай Жүнісбеков Пригород орман шаруашылығының директоры болып тағайындалды. Бұл қызметте ол ұйымдастырушылық қабілетімен, алға қарай ойлай білетін басшы ретінде көзге түсті. Оның бастамасымен Шымбұлақтан жоғары орналасқан биік таулы аумақтар зерттеліп, кейін Алматы қаласын сел апаттарынан қорғау жобасына негіз болды.

Алайда, оның шынайы өмірлік миссиясы ішкі істер саласындағы қызметімен байланысты болды. 1968 жылы ол Ішкі істер министрлігінде еңбек жолын бастап, тылмен қамтамасыз ету басқармасы бастығының орынбасарлығынан Алматы облыстық ІІБ бастығының орынбасарына дейінгі жауапты қызметтерді атқарды. Оның есімі түзету мекемелерін реформалаумен, өрт қауіпсіздігін арттырумен, ішкі істер қызметкерлеріне арналған инфрақұрылымды дамыту және кадрлық саясатты жетілдіру істерімен тығыз байланысты.

Шолпанбай Әшірбекұлы талапшыл, бірақ әділ басшы ретінде есте қалды. Ол ішкі істер саласында материалдық-техникалық қамтамасыз ету, тәртіптік және тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру бойынша білікті маманға айналды. Жас қызметкерлерге тәлімгерлік жасап, олардың кәсіби дамуына үлкен үлес қосты. Отан алдындағы ерен еңбегі үшін ол Еңбек Қызыл Ту орденімен, “Құрмет белгісі” орденімен, ІІ және ІІІ дәрежелі “Мінсіз қызметі үшін” медальдарымен, “ІІМ үздігі” төсбелгісімен марапатталған.

Зейнетке шыққан соң да Шолпанбай Жүнісбеков қоғамдық өмірден тыс қалған жоқ. ІІМ ардагерлеріне қолдау көрсетіп, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне атсалысты. Дачалық кооперативтер құрып, зейнеткер әріптестерінің баспанамен қамтамасыз етілуіне көмектесті. Балалары да оның жолын жалғап келеді: қызы – Ауыл шаруашылығы министрлігінде экономист, ұлы – полиция офицері.

Бүгінде 90 жасқа толған Шолпанбай Әшірбекұлы – ел үшін еткен еңбегімен есте қалған, құрметке лайық жан. Ол – ведомствоның тірі аңызы, елге адалдықтың, азаматтық борыштың және отансүйгіштіктің жарқын үлгісі.

Шолпанбай Әшірбекұлы соғыс майданында болмаса да, соғыстан кейінгі елді қайта түлету жолында аянбай еңбек етті, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосты. Оның өмір жолы – қираған елді қалпына келтіру, қиындыққа қарсы тұру, немқұрайлылықпен күресу жолындағы жеңіс. Ол – тек ІІМ ардагері ғана емес, бейбіт күннің батыры, бүкіл саналы ғұмырын халқының игілігіне арнаған азамат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру