Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Еңбек арқылы үмітке жол салған сотталған

Абай облысында сотталған әйел еңбек етіп, миллион теңгеден астам қаражат жинады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан 35 жастағы Павлодар қаласының тұрғыны жазасын өтеу барысында миллион теңгеден астам қаражат жинады.

Мекемеге алғаш келген күннен бастап онымен тәрбиелік және құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сотталған әйелдің айтуынша, ол қамауға дейін анасымен және сегіз жастағы қызымен бірге тұрған. Ол жазасын өтеп жатқанда, қызы қамқоршы отбасында тәрбиеленді.

Кейін ол колонияның кондитерлік цехына кондитер болып жұмысқа орналасты. Жалақысының негізгі бөлігін анасына көмектесуге және қызына сәлемдеме жіберуге жұмсап, қалғанын жинап отырған. Еңбекқорлығы мен үнемшілдігінің арқасында ол миллион теңгеден астам қаражат жинай алды.

- Бостандықта жүрген кезімде тамақ әзірлеуді қатты жақсы көретінмін. Колонияда кондитерлік цех ашылғанда, ең алғашқы болып жұмысқа орналасуға ниет білдіргендердің бірі мен болдым. Алғашқы айлық жалақымды анам мен қызыма сыйлық алуға жұмсадым, қалғанын картаға салып отырдым. Бұл үш жыл бойы жалғасты. Бостандықта жүргенімде мұндай ақша жайлы тек армандайтынмын. Осы уақыт ішінде қызымды көрген жоқпын, қазір ол он бес жаста. Бостандыққа шыққан соң, жіберіп алған уақытымды орнын толтырып, оның армандарын орындап, әрқашан армандаған анасы болғым келеді, – деді сотталған әйел.

Бостандыққа шыққан күні цех директоры оған жұмысына жауапкершілікпен қарағаны үшін алғыс хат табыстап, сотталған әйелдер сыйлық дайындады. Мекеме бухгалтериясынан ол жиналған қаражат көлемін білді.

- Сотталғандардың еңбекпен қамтылуы түзеу жұмысының маңызды бағыты болып табылады. Еңбек пен тәрбие арқылы сотталғандардың жауапкершілігі, өмірін өзгертуге және босатылғаннан кейін табысты әлеуметтенуге деген ұмтылысы қалыптасады, - деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева .

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру