Ер адам әлеуметтік желіде дәрі-дәрмек сатпақ болған
Түркістан қаласында полицейлер дәрі-дәрмек сатпақ болған ер адамды қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері күн сайын карантин жағдайында жоғары бағамен дәрі-дәрмектер мен медициналық құралдарды заңсыз сату фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша әлеуметтік желілер мен интернет-кеңістікке мониторинг жүргізіп, жұмыстарын атқаруда.
Мысалы, «Instagram«, » WhatsApp» әлеуметтік желілерін мониторингілеу кезінде полицейлер Түркістан қаласының көшелерінің бірінде белгісіз ер адам қалада сұранысқа ие, оның айтуынша дәріханаларда табыла қоймайтын вирусқа қарсы «Леволет» және «Левомак» дәрі-дәрмектерін сатып алуды ұсынып отырған бейнежазбаны анықтады.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері аталған бейнежазбадағы басты кейіпкердің жеке-басын анықтап, оны полицияға жеткізді.
Ер адамның айтуынша, ол танысымен келісіп, екеуі «әзіл үшін» телефонға дәрі-дәрмек сатып отырғандай видео түсірген. Оның өзі дәрі-дәрмектерді сатумен айналыспайтынын айтып, жасаған әрекетіне өкініп, қала тұрғындарынан кешірім сұрады.