Ер адам кафеде әйел адамның сөмкесін ұрлап кетті
Полиция қызметкерлері ұрлық жасаған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға 23 және 30 жастағы қыздар облыс орталығындағы кафелердің біріндегі үстелдің үстінен 17 мың теңге сомасында ақша қаражаты салынған әйел сөмкесінің және бардағы үстелшеден «Huawei» маркалы ұялы телефонының ұрлану дерегі бойынша өтінішпен жүгінген.
Тараз қ. ПБ 1-ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері «ізін суытпай » кафеде ұрлық жасаған ер адамды ұстады.
Айта кетерлігі, ұры кафеде зат ұрлауға машықтанбаған, ол зат иесінің назарының басқа жаққа ауғанын пайдаланып, көз алдындағы нәрсенің бәрін жымқырған, осындай қылмысы және пәтер ұрлығын жасағаны үшін ол бұрын сотты болған.
Ұсталған азамат барлық дерекке қатысты өз кінәсін толық мойындады, қазіргі уақытта оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, сондай-ақ оның басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау бойынша тергеу шаралары жүргізілуде.
Полицейлер азаматтарға өз заттарына мұқият болу қажеттігін ескертеді. Кейбір азаматтардың салғырттығын пайдаланып, қылмыскерлер пәтерлерде, автобустарда, аялдамаларда, базарларда, кафелерде және басқа жерлерде оңай олжа табудың жолдарын қарастыруда.