Ер адам тергеу изоляторына ұялы телефонды тортқа салып өткізбек болды
Павлодар облысында ер адам тергеу изоляторына ұялы телефонды тортқа салып өткізбек болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінің АП-162/1 мекемесінде болған.
Сотталғанға келген сәлемдемені тексеру барысында тортты кесу кезінде ұялы телефон табылды. 45 жастағы сотталған ұрлық жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр. Ерекше пакетті оған танысы әкелді.
– Мекемеге тыйым салынған заттарды кіргізбеу үшін сотталғандармен және олардың туыстарымен үнемі әңгімелесу жүргізіледі. Дегенмен келушілер қызметкерлердің салғырттығына үміттеніп, жаңа әдістерді ойлап табады. Сондықтан тергеу изоляторына келген барлық сауқаттар мен сәлемдемелерге мұқият тексеру жүргізіледі, – деп түсіндірді АП-162/1 мекемесінің бастығы Әділхан Қапышев.
Аталған факті бойынша әкімшілік хаттама құрастырылып, материал әкімшілік сотқа жіберілді.
Айта кетейік, ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабына сәйкес мұндай әрекет ескертуге немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасауға құрал немесе зат болған объектіні тәркілеумен, он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.