Ер есімі халықтың мәңгі жадында
ШҚО-да осыдан 24 жыл бұрын полиция капитаны Жәлелхан Мұрымбаев қар құрсауында қалған қарттарды құтқару үшін өз өмірін қиып, ерлік көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2001 жылғы 5 қаңтар — полиция капитаны Жәлелхан Мұрымбаевтың ерлікпен қаза тапқан күні. Осы күні полиция капитаны Жәлелхан Мұрымбаев қар құрсауында қалған қарттарды құтқару үшін өз өмірін қиып, ерлік көрсетті. Бұл оқиға Шығыс Қазақстан облысындағы тасжолда болған еді.
Сол жылдың қысы ерекше қатты болды: қалың қар жауып, артынан қатты аяз болып, жолдар мен техника қозғалыссыз қалды. Көптеген көліктер қарға батып, кейбір арнайы техникалар қыстық жанармайдың жетіспеушілігінен жұмыс істей алмады. Тасжолдарда ұзын кептелістер болып, жүргізушілер мен жолаушылар табиғаттың тылсымына тап болды.
24 жыл бұрын дәл осы күні Жәлелхан Мұрымбаев Өскемен қаласынан өзінің аудан орталығына қайтып келе жатқан еді. Жарма мен Көкпекті аудандарын жалғайтын жол бөлігінде жергілікті мәдениет бөлімінің қызметкерлері мінген көліктің қарға батып қалғаны туралы хабар алды. Уақыт жоғалтпай, капитан оларға көмекке аттанды.
Трассада боран мен қардың толастамай жауу салдарынан көру мүмкіндігі мүлдем нашар болды.
Жәлелхан УАЗ көлігімен оқиға орнына жетіп, жолаушыларды өз қызметтік көлігіне отырғызды. Бірақ капитанның өзі үшін орын қалмады. 33 жастағы офицер жақын маңдағы елді мекенге жаяу жетуге тырысты. Алайда ауа райы күші басым түсті — капитан қайтыс болды.
Жәлелхан Мұрымбаевтың жарқын бейнесі мәңгі есімізде. Оның ерлігі мен жанқиярлығы көпшілікке үлгі. Әр жыл сайын әріптестері оның есімін құрметпен еске алып, батырлық оқиғасын жаңа буын қызметкерлеріне айтып отырады.
Марқұм капитан Мұрымбаев халық амандығын өз өмірінен артық қойды.