Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Еріктілер марапатталды

Қарағанды облысының ПД ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алуға белсенді қатысқан еріктілерді марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін Қарағанды облысының ПД бастығы Ерлан Файзуллин еріктілер Никита Брызгалин мен Азат Құралға Ішкі істер министрлігінің рәміздері бар қолсағаттар сыйлады.

Бұл екі жас Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенттері. Олар полиция қызметкерлеріне ақпараттық технологиялар саласында жасалған қылмыстарды ашуда көмектесіп, интернеттегі алаяқтық, есірткіні әлеуметтік желілер арқылы таратуды анықтау бойынша жұмыстар істеген.

– Интернет қазір біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе бұл карантиндік шектеулер шаралары аясында ерекше байқалды. Мұны қылмыстық элементтер жақсы пайдаланып отыр. Осылайша, есірткінің 70 пайызы әлеуметтік желілер арқылы таратылады, ал олардың синтетикалық сегменті 100 пайызды құрайды. Сіздердің көмектеріңізбен киберқылмыскерлер қолданған 200-ден астам сайт бұғатталды. Осындай тиімді жұмыстарыңыз үшін алғыс айтамын, – деді Ерлан Файзуллин.

– Менің жұмысым еріктілер қатарында бағаланғанына қуаныштымын. Мен полиция қызметкерлеріне интернеттегі қылмыстармен күресте көмектесуді жалғастырамын. Мен елдегі барлық студенттерге «Кибер-еріктілерге қосылыңыздар! Интернет қылмыскерлерімен бірге күресейік дегім келеді, – деді Азат Құрал.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру