Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Ерлік – ел есінде”: Абай облысында ержүрек полицейлермен кездесу өтті

Абай облысында ерекше форматтағы “Ерлік – ел есінде” атты кездесу өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шарада қиын-қыстау жағдайда ерлік көрсеткен полиция қызметкерлері мен олардың арқасында аман қалған азаматтар бас қосты.

Кездесуге сондай-ақ жас полицейлер де қатысты. Әріптестерінің өмір үшін жанқиярлықпен жасаған әрекеттері олар үшін үлкен өнеге мен кәсіби сабақ болды. Өрттен, судан, түрлі төтенше жағдайлардан құтқарылған жандардың оқиғалары ешкімді бей-жай қалдырмады. Әрбір ерлік – бұл адамгершілік пен кәсібиліктің жарқын үлгісі.

— Егер полицейлер жылдам әрекет етпегенде не боларын елестетудің өзі қорқынышты. Олар менің өмірімді сақтап қалды. Осындай ер жүрек жандармен бір елде өмір сүру – үлкен бақыт, – деді арнайы бөлімше қызметкерлері құтқарған бойжеткен.

Семей қаласының тұрғыны полиция аға лейтенанты Ертай Канафиннің ерлігі туралы айтып берді. Ол таңғы бесте тұрғын үйдегі өртті байқап, тұрғындарды оятып, қайғылы оқиғаның алдын алған.

— Ол бізді уақытында оятпағанда, ондаған адам зардап шегер еді. Бәріміз оның батылдығы мен бейжай қарамағанының арқасында тірі қалдық, – деді тұрғын.

Сондай-ақ арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері – полиция қызметкерлері Әділ Құсман мен Нұрлыбек Менкешев Семей қаласындағы көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы балконнан шыққан өртті байқап, бірден әрекетке көшті. Олар пәтерде болған екі жасөспірім мен әпкесін қауіпсіз жерге шығарып, пәтер ішіндегі газ баллонын сыртқа алып шықты. Бұл әрекеттері үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды.

Сондай-ақ көпшілік полиция қызметкері Ахатов Асхаттың ерлігін ерекше ілтипатпен еске алды. Ол кішкентай қызды қудалаған ер адамды ұстау кезінде пышақ жарақатын алып, қылмыскердің әрекетінің жолын кесті. Өз басын қатерге тіге отырып көрсеткен ерлігі үшін Асхат Ахатов та “Ерлігі үшін” мемлекеттік медалімен марапатталған. Өкінішке қарай, кейінірек ол жол-көлік оқиғасы салдарынан қайтыс болды. Жиналғандар оның есімін үнсіздікпен еске алып, тағзым етті.

Өткен жылы Абай облысы бойынша полиция қызметкерлері 12 адамның өмірін аман сақтап қалды.

— Бүгінгі кездесу – нағыз ерлік пен адал қызметтің айғағы. Мұндай шаралар өскелең ұрпақ үшін үлкен тәрбие. Өмірін қатерге тігіп, өзгені құтқарған жандар халық жадында мәңгі сақталады, – деді Абай облысы полиция департаментінің Ардагерлер кеңесінің төрайымы Раиса Қосубаева.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру