Ерлік ешқашан ұмытылмайды
Астанада 24 маусым күні "Бейбіт күннің батырлары" атты іс-шара өтіп, бейбіт уақытта ерлік көрсеткен тәртіп сақшыларына құрмет көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еліміздің барлық өңірлік полиция департаменттерінде қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлердің ескерткіштері мен обелискілеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Бүгінде Қазақстанда қызметтік міндетін атқару барысында өмірін қиған ішкі істер органдарының 800-ден астам қызметкері бар.
Астана қаласында ішкі істер органдарының қызметкерлері ерлікпен қаза тапқан әріптестері Жанайдар Жирентаев пен Абдиғаппар Дильмановты еске алды. Батырлардың есімдері Алматы аудандық полиция басқармасының ғимаратында орнатылған мемориалдық тақтаға мәңгілікке қашалып жазылған. Сонымен қатар елорда көшелерінің бірі олардың атымен аталып отыр. Бұл – бейбіт күннің батырларына көрсетілген құрмет пен тағзымның белгісі.
Қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі Жанайдар Жирентаев 1994 жылы 33 жасында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапты. Ол қарулы қылмыскерлерден бейбіт тұрғындарды қорғап жүріп, оққа ұшты. Ерлігі үшін ол қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.
Ал Алматы аудандық полиция басқармасының әкімшілік полиция инспекторы Абдиғаппар Дильманов 2001 жылы мал ұрлығына қатысы бар күдіктілерді ұстау барысында ерлікпен қаза тапты.
Бүгінде еліміздің барлық өңірінде қызмет бабында мерт болған полицейлердің рухына тағзым етіліп келеді. Облыс орталықтарындағы ескерткіштер мен обелискілерде олардың есімдері жазылып, халық жадында сақталып отыр. Бұл – құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы жанқиярлық пен адал қызметтің жарқын үлгісі.