Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ерлік пен адамгершіліктің жарқын үлгісі болған полицей

Ерлік пен адамгершіліктің жарқын үлгісі болған полицей туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Полиция қызметкері Нұрсұлтан Динабеков – Астана қалалық патрульдік полиция полкінің қызметкері, өз ісіне адал, батыл әрі адам өмірін сақтауды басты парызы санайтын азамат. Оның қызмет жолы – қауіп пен қатерге, жауапкершілік пен жанқиярлыққа толы. Ол бірнеше рет өз өмірін қауіпке тігіп, қиын жағдайға тап болған жандарға дер кезінде көмек көрсетіп, шынайы ерліктің үлгісін танытты.

2024 жылдың қараша айында қыз баланың құрбысы оның өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені жөнінде полицияға хабарлаған. Шұғыл жеткен полиция қызметкерлерінің арасында Нұрсұлтан Динабеков те болды. Ол 2-қабаттағы пандус арқылы пәтерге көтеріліп, балконның ашық терезесінен ішке енді. Жуынатын бөлмеде өз-өзіне жарақат салған қызды көрген ол бірден әрекетке көшіп, бойжеткенді аман алып қалып, жедел жәрдем қызметіне тапсырды.

Арада бірнеше ай өткенде, 18 сәуір күні таңғы сағат 06:35 шамасында "Арқар" көпірінен бір ер адамның өзенге секіріп кеткені жөнінде хабар түседі. Оқиға орнына алғашқы болып жеткендердің бірі – Нұрсұлтан Динабеков. Салқын суға ойланбастан қойып кеткен ол, өзенге жүзіп кіріп, әлгі азаматқа құтқару шеңберін кигізіп, жағаға аман-есен алып шықты.

Нұрсұлтан бұл әрекеттерін ешқашан ерлік деп санамайды, ол үшін бұл – азаматтық әрі кәсіби борыш. Оның айтуынша, тәртіп сақшысы болу – жай ғана мамандық емес, бұл – өмір салты, жүрекпен қабылданатын миссия. Өз қызметіне шынайы берілген ол күн сайын қауіппен бетпе-бет келіп, ел тыныштығы мен тұрғындардың амандығы үшін күрес жолында аянбай тер төгуде.

Бүгінде ішкі істер саласында 5 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Нұрсұлтан – өз отбасына арқау, адал жар, үлгілі әке. Бос уақытын отбасы мен балаларына арнап, болашақта ұлдарының өз жолын жалғастырып, еліне адал қызмет ететін азаматтар болғанын қалайды.Салмақты мінезі, байыпты ойы, әділетті ұстанымы мен сыпайы қарым-қатынасы – оның болмысын даралап тұрады. Алайда қажет кезінде батыл шешім қабылдап, батырлық танытудан еш тайсалмайды.

Нұрсұлтан Динабеков – өз ісіне адал, ерлік пен адамгершілікті қатар алып жүрген нағыз полиция қызметкері. Оның батыл да жанкешті әрекеттері қоғам тарапынан зор құрметке ие болып, көпшілікке үлгі болуда. Осындай азаматтардың арқасында елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық орнап, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру