Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ерлік пен нәзіктікті үйлестірген полиция қызметкері

Қоғам тыныштығын сақтау – зор жауапкершілік пен ерлікке толы міндет. Бұл жолда күн-түн демей қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегі қашанда құрметке лайық. Ал сол қиын да жауапты салада ерлермен қатар иық тірестіріп, адалдық пен табандылық танытып жүрген нәзік жандардың орны ерекше. Солардың бірі – полиция қызметкері Гүлшат Қабдирова туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Гүлшат Сүлейменқызы ішкі істер органдарындағы еңбек жолын Атырау қалалық Ішкі істер басқармасының криминалдық полиция бөлімінде кіші жедел уәкіл болып бастаған. Қызметке деген шынайы ықыласы мен табандылығының арқасында бүгінде ол осы салада 20 жылдан астам уақыт абыроймен еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда Атырау облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі қызметін атқарып, ел тыныштығын қорғауға өз үлесін қосып жүр.

– Бұл салада талап бәрімізге бірдей. Иә, мен әйелмін, бірақ қызметке келген сәттен бастап ең алдымен полиция қызметкерімін. Қажет болса, құқық бұзушыны ұстап, залалсыздандыру да, атыс дайындығы мен физикалық шынығу да – біздің күнделікті міндетіміздің бір бөлігі. Қызметте ер немесе әйел екенің емес, кәсіби білігің мен жауапкершілігің маңызды, – дейді полицей.

Қай істе де адалдық пен жауапкершілікті ту еткен офицердің еңбегі елеусіз қалған емес. Гүлшат Сүлейменқызы "ІІО үздік қызметкері" төсбелгісімен, Ішкі істер министрінің Құрмет грамотасымен, "Мінсіз қызметі үшін – 20 жыл", "Қылмыстық іздестіру қызметіне – 105 жыл" медальдарымен және "Ақжол" партиясының "Еңбегім еліме" құрмет белгісімен марапатталған.

Қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүрген Гүлшат Сүлейменқызы – бес баланың анасы. Үш ұл мен екі қыз тәрбиелеп отырған ол – жұмыста талапшыл басшы, өмірде мейірімді жан, отбасында сүйікті жар мен үлгілі ана.

Гүлшат Сүлейменқызының өмір жолы – табандылық пен төзімнің, рухани беріктік пен парасаттың айқын көрінісі. Ол – ел тыныштығы жолында адал қызмет етіп жүрген, ерлік пен нәзіктікті үйлестіре білген нағыз батыл әйелдің бейнесі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру