Ерлік ұмытылмайды - ұлықталады: Жанайдар Жирентаевтың жолы
Ішкі істер органдарында ақтық демі қалғанша антына адалдық танытып, қызмет бабында қаза болған қайсар азаматтар жетерлік. Олардың бірі де бірегейі - Жанайдар Жирентаев, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жанайдар Жирентаев 1960 жылы Целиноград облысында дүниеге келген. Оның құқық қорғау органдарындағы еңбек жолы 1984 жылы басталды. Алғашында экономикалық қылмыстармен күрес бөлімінде қызмет еткен ол кейіннен қылмыстық-іздестіру саласына жедел уәкіл болып тағайындалды.
Қызметте өзін әркез жақсы қырынан көрсеткен сақшының ғұмыры небәрі 33 жасында қиылды.
1994 жылы ақпанның 4-нен 5-сіне қараған түні Ақмолада қайғылы оқиға орын алды. Бұзақыларды тоқтатуға келген тәртіп сақшысы Жанайдар Жирентаев оққа ұшты.
Қаскөйлерді тұтқындау кезінде қаруды тастау туралы талапқа қарамастан, күдіктілердің бірі қос ұңғылы аңшылық мылтықтан адамдарға оқ атқан. Ауладағы тұрғындардың амандығын бірінші орынға қойған жедел топтың басшысы өзін оққа тосқан.
- Міндет. Абырой. Ерлік. Бұл қазақстандық полиция үшін бекер, жай сөздер емес. Бұл - олардың ұраны. Сол қайғылы жағдайдан соң 30 жылдан астам уақыт өтсе де, ер есімі - ел есінде! - деді ІІМ мұражайының меңгерушісі Алмагүл Сатмағанбетова.
Ерлік ұмытылмайды - ұлықталады! Бүгінде ержүрек милиция қызметкерінің есімін тек Ішкі істер министрлігінің мұражайында ғана емес, елорда төріндегі көше мен мектепте кездестіруге болады.