Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ертіс өңірінде полицейлер дәстүрлі саптық байқау өткізді

Ертіс өңірінде полицейлер дәстүрлі саптық байқау өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысы полиция департаментінің жеке құрамы Орталық стадионда тәртіп пен ұйымшылдықты нығайту, сондай-ақ саптық дағдыларды жетілдіру мақсатында дәстүрлі саптық байқаудан өтті.

Салтанатты шара барысында полиция қызметкерлері біркелкі сап түзеп, қызметке дайындығын паш етті. Байқауды арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасының бастығы Ерік Төлегенов басқарды. Шара барысында департамент басшылығы қызметкерлердің сыртқы келбеті мен жазғы нысанды киімдерінің, жеке куәлік пен жетондардың талапқа сәйкестігін тексерді.

Саптық бөлімшелердің киім үлгісіне ерекше көңіл бөлінді. Өйткені тәртіп сақшылары – халықпен тікелей байланыста жұмыс істейтін алдыңғы шептегі қызметкерлер. Осы орайда жеке құрамға азаматтардың құқықтарын сақтау және оларға сыпайы, әдепті қызмет көрсету қажеттілігі түсіндірілді.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орынбаев өңір тұрғындары өзін қауіпсіз сезінуі үшін әрбір полиция қызметкері нағыз кәсіби қорғаушы болуға тиіс екенін атап өтті. Ол полицейлердің мінез-құлқы мен сырт келбетінің азаматтармен сенімді қарым-қатынас орнатудағы маңыздылығына тоқталды.

Байқау соңында жеке құрам әскери оркестрдің сүйемелдеуімен сап түзеп, салтанатты маршпен өтті. Қараудан кейін тәртіп сақшылары өз қызметтеріне кірісті.

Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай саптық байқаулар тәртіп пен ұйымшылдықты арттырып қана қоймай, қызметкерлерді жауапкершілік пен тәртіпке баулудың тиімді құралы болып табылады. Нысанды киім кию ережесін сақтау – қызметтік мәдениеттің көрінісі ғана емес, сонымен қатар ішкі тәртіпті қалыптастырудың бірден-бір жолы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру