Ертіс өңірінде полиция "Уылдырық шашу" іс-шарасын қорытындылады
Ертіс өңірінде полиция "Уылдырық шашу" іс-шарасы қорытындылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
15 сәуір мен 30 мамыр аралығында Павлодар облысында балықтардың уылдырық шашу кезеңінде браконьерлік пен су жануарларын заңсыз аулаудың алдын алуға бағытталған "Уылдырық шашу" жедел-профилактикалық акциясы өтті. Акция барысында құқық қорғау органдары табиғатты қорғау саласындағы бірқатар заңбұзушылықтардың жолын кесті.
Жалпы, рейдтік шаралар нәтижесінде балық аулау ережелерін бұзудың 101 фактісі тіркелді. Заңсыз әрекеттердің салдарынан 9 балық аулау құралы, ұзындығы 4200 метрге жететін монотор, 5 жүзу құралы және 40 келі майда балық тәркіленді.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Песчаное ауылы маңындағы көлдің жағалауын патрульдеу кезінде резеңке қайықпен суға шығып, тор жайып жатқан екі жергілікті тұрғын ұсталған. Оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданды. Тәртіп сақшылары заңсыз құралдармен қатар шамамен 5 келі балықты да тәркіледі.
Ауқымды акция Ертіс өзенінің бойында және облыстың барлық тұщы су қоймаларында, Шығыс Қазақстан облысымен әкімшілік шекарадан Ресеймен мемлекеттік шекараға дейінгі аумақта өткізілді. Бұл кезеңде балық аулаудың барлық түріне тыйым салынды.
Полиция табиғи ресурстарды қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін ескере отырып, тұрғындарды заң талаптарын сақтауға және табиғатқа ұқыппен қарауға шақырады.