Ертіс өңірінде қоғамдық көлік жүргізушілерімен жол қауіпсіздігі мәселесі талқыланды
Ертіс өңірінде қоғамдық көлік жүргізушілерімен жол қауіпсіздігі мәселесі талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында полицейлер қоғамдық көлік жүргізушілерімен жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кездесу өткізді.
Кездесу барысында құқық қорғау органдары өкілдері жүргізушілерге жолаушылар тасымалдау кезінде жол ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салды. Ерекше назар автобустардың жылдамдықты асырып, қауіпті маневрлер жасауына аударылды.
– Қоғамдық көлік жүргізушілерінің әрбір әрекеті онда отырған жолаушылардың ғана емес, жалпы жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне әсер етеді. Биыл өңірде 384 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 529 адам түрлі дене жарақатын алды. Бұл – тек құрғақ сан емес, әрбір санның артында қайғы мен тағдыр тұр, – деді облыстық ПД ЖПҚБ бастығының міндетін атқарушысы Азамат Күркебаев.
Кездесу барысында қоғамдық көлік қозғалысын ұйымдастыру, жүргізушілердің құқықтық сауаттылығы мен заң талаптарын орындауы мәселелері талқыланды. Жүргізушілерге заңгерлік кеңестер берілді.
– Осындай шаралар барлық тараптардың пікірін тыңдауға, жол қауіпсіздігін арттыруға сеп болады. Қойылған мәселелер назарға алынып, нақты шешімдер қабылданатын болады, – деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Полицейлер жүргізушілерді әсіресе балаларды тасымалдау кезінде сақтық шараларын қатаң ұстануға, жылдамдықты шектен асырмауға және жолда мәдениетті болуға шақырды.