Ертіс сақшылары Өзбекстан азаматына қол ұшын берді
Павлодарлық полицейлер Өзбекстан азаматына көмек қолын созды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полицейлері қатты аязда жол қозғалысы қатысушыларына аянбай көмек көрсетуде.
2021 жылғы 6 қаңтарда Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімовтің атына Өзбекстан азаматынан алғыс хат келіп түсті.
– 1 қаңтар күні сағат 09.30-да Қарабай ауылының маңында Павлодар-Ақсу автожолын патрульдеу кезінде жол жиегінде тұрған DAF жүк көлігін байқадым. Жүргізушіге жақындаған кезде оның 2020 жылдың 30 желтоқсанында Ресей Федерациясының Омбы қаласынан Өзбекстан Республикасына шыққаны анықталды. Бірақ Жаңа жыл қарсаңында аязға байланысты көліктің жанармайы қатып қалған. Жүргізуші жолда түні бойы тұрып, қатты тоңып қалған, жанынан басқа көліктер де өтпеген. Әрбір полиция қызметкері үшін жолда қалған жүргізушілер мен олардың жолаушыларына көмек көрсету басты міндет, – деді Ақсу қаласының учаскелік полиция инспекторы Ерболат Көшеғұлов.
– Мен көмек келеді деп күтпеген едім. Қатты тоңғандықтан тіпті сөйлей де алмай қалдым. Уақытын зая кетірмей, полиция қызметкері өз көмегін ұсынды. Ол жылыту құрылғысын, дәнекерлеу шамын, бензин әкелді. Жылыту қызметіне қоңырау шалып, күні бойы менің көлігімді жөндеді. Мен полиция қызметкері Ерболат Көшеғұловқа жолда қасымнан өтіп кетпей, маған көмектескені үшін ризамын. Ерболатқа денсаулық және сәттілік тілеймін, – деді Яхе Сафаров.
Осы орайда Павлодар облысының Полиция департаменті алыс сапарларға шықпауға, ауа райы мен жолдардың жай-күйі туралы хабарламаларды қадағалауға кеңес береді.
Жолда қиын жағдайға тап болған жол қозғалысының барлық қатысушылары тәулік бойы ішкі істер органдарының бөлімшелеріне «102» нөмірі бойынша хабарласып, көмек сұрай алады.