Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ертіс сақшылары Қырғызстанға беттеген жүргізушілерге көмек көрсетті

Павлодар облысының полицейлері тас жолда көлігі бұзылып, жолда қалған жүк көлігінің жүргізушілеріне көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

– Павлодар облысында мереке күндері қатты аяз, көктайғақ болады деп болжануда. Кей жерлерде ауа температурасы -43°дейін жеткен. Ескертулерге қарамастан, кейбір көлік жүргізушілері алыс жолдарға шығады. Нәтижесінде автокөліктер төмен температураға төтеп бере алмай, тас жолдарда тоқтап қалады, – деді Полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының командирі Жақсылық Байысбеков.

– “Павлодар-Нұр-сұлтан” автожолын патрульдеу кезінде Шідерті кентінің маңында тоқтап тұрған жүк көлігін байқадық. Жүк көлігінің жүргізушісі Қазгидромет орталығының ескертуіне қарамастан жолға шыққан. Жүргізушінің жүк көлігімен Ресей Федерациясынан Қырғызстан Республикасына беттегені белгілі болды. Ауа райының нашарлығына,  аяздарға байланысты машинада солярка қатып қалған. Осылайша, олар түннен бері тұрып қалған. Жүргізушілерді ең жақын лагерьге жіберіп, өзіміз көлікті жылытумен айналыстық. Көлікті Шідерті ауылының жылы боксына жеткіздік. Көлік жылығаннан кейін жүргізушілер өз жолдарын жалғастырды. Әріптесім Азамат Шақшабаевпен бірге жүргізушілермен сағат сайын хабарласып тұрдық, – деді патрульдік полиция ротасының инспекторы Рустам Верещак.

Қырғызстан Республикасының азаматы болып табылатын жүргізуші Ақтілек Арзыбеков полицейлерге көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

Қазіргі таңда облыс автожолдарында патрульдік полицияның 12 экипажы қызмет атқаруда. Олардың негізгі міндеттері – құқық бұзушылықтарға қарсы тұру және жолда қалған жүргізушілер мен жолаушыларға көмек көрсету.

Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысында 2021 жылғы екінші қаңтар күні сағат 18:00-ден бастап ауа райының нашарлауына байланысты барлық бағыттар бойынша дизельді және қоғамдық көлік қозғалысы үшін шектеу енгізілген.

Павлодар облысының Полиция департаменті азаматтарға алыс сапарға шықпауға және ауа райы мен жолдардың жай-күйі туралы хабарламаларды қадағалауға кеңес береді.

Жолда қиын жағдайға тап болған жол қозғалысының барлық қатысушылары тәулік бойы ішкі істер органдарының бөлімшелерінен “102” нөмірі бойынша көмек сұрай алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру