Есептегі азаматтармен профилактикалық сұхбаттар жүргізілді
Қазіргі таңда Қызылорда облысы Сырдария аудандық пробация қызметінің есебінде 45 сотталған азамат есепте тұр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сырдария аудандық пробация қызметінің есебіндегі сотталғандардың қоғамда өзін шет сезінбей қалыптасуы үшін, өмірге деген құлшынысын арттырып, жігерлендіру мақсатында пробация қызметкерлері ұдайы профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
Бүгін аудандық прокуратураның прокуроры С.Қосқан, аудандық пробация қызметінің аға инспекторы А.Сақыбеков және Сырдария ауданының ПБ учаскелік полиция инспекторлары бірігіп, Тереңөзек кентінде тұратын сотталғандардың тұрғылықты мекенжайларын аралады.
Тексеру барысында олар сотталғандарға жаза өтеу тәртібі мен олардың міндеттері, әлеуметтік-құқықтық көмектер бойынша және қайта қылмыс жасаудың алдын алу бағытында профилактикалық және тәрбиелік мәні бар сұхбаттар жүргізіп, олардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
– Қазіргі таңда аудандық пробация қызметінің есебінде 45 сотталған азамат есепте тұр. Бұл азаматтарға әлеуметтік құқықтық көмек түрлерімен бірге, Жастар ресустық орталығының мамандарымен бірлесіп, түрлі тренингтер өткіземіз. Алдағы уақытта да есептегі азаматтардың әлеуметтік ортаға бейімділігін арттыруға бағытталған тәрбиелік жұмыстар жалғасын табатын болады, – деді пробация қызметкері Асылжан Сақыбеков.