"Есіңде сақта және ойлан": Алматыда жаяу жүргіншілер күні өтті
Алматыда "Есіңде сақта және ойлан" науқаны аясында жаяу жүргіншілер күні өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда "Көлік қозғалысы қауіпсіздігі апталығы" мен "Есіңде сақта және ойлан" қоғамдық науқаны жалғасып жатыр. Аталмыш науқан көлік апаттарында қаза болғандарды дүниежүзілік еске алу күніне арналған. Іс-шаралардың басты мақсаты – жол-көлік оқиғалары мәселесіне қоғамның назарын аудару, жолда жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру және әрбір өмірдің баға жетпес екенін еске салу.
Екінші күннің тақырыбы – "Заңның қорғауындағы жаяу жүргіншілер". Бұл күні жаяу жүргіншілерге соқтығысуының алдын алуға және балаларға жолды қауіпсіз кесіп өту ережелерін үйретуге ерекше көңіл бөлінеді.
Полиция қызметкерлері жас жол инспекторларымен бірлесіп "Жаяу жүргінші" профилактикалық рейдін өткізді. Жаяу жүргіншілер өткелдерінде кезекшілік жасап, қауіпсіз жүріс ережелерін түсіндірді. Мектеп оқушылары мен жаяу жүргіншілерге жарық шағылыстыратын фликерлер таратылып, жолда көрінудің өмірді сақтайтыны ескертілді.
– "Көлік қозғалысы қауіпсіздігі апталығы" – бұл формалдылық емес, әрқайсымыздың жеке жауапкершілігімізді еске салу. Ережелерді тек біліп қана қоймай, оларды күнделікті сақтаған жөн, – деді Алматы қаласы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Жол қозғалысы жас инспекторлары "Кіші жарық – үлкен өмірді құтқарады. Көрінетін бол – басқаларға үлгі бол!" атты флешмоб өткізіп, жарық шағылыстыратын элементтері бар киім үлгілерін көрсетті.
– Жаяу жүргінші – жол қозғалысындағы ең осал қатысушы. Біздің ортақ мақсатымыз – балалардың жолда сенімді болуын қамтамасыз ету және ересектердің оларға үлгі көрсетуі, – деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде жол қауіпсіздігі жайлы бейнеролик жарияланды. Бейнероликтің мақсаты – барлық жол қатысушыларын өзара сыйластық пен сақтыққа шақырады.
