Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Есірткі, буллинг, алаяқтық»: Атырау облысында полицейлер мектеп оқушыларымен кездесті

Атырау облысында полицейлер мектеп оқушыларымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Адам өміріндегі ең қымбат қазына – денсаулық. Қоғам үшін ең маңызды құндылықтардың бірі саналатын денсаулықты сақтау және қорғау – әр адамның борышы. Осы орайда Құрманғазы аудандық полиция бөлімі жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жүйелі түрде іс-шаралар ұйымдастырып жүр.

Кезекті кездесудің аясында ювеналды полиция тобының инспекторы Арсен Кибашев пен экстремизмге қарсы іс-қимыл тобының аға жедел уәкілі Жалғас Сдыхов М.Ломоносов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің оқушыларымен жүздесті. Шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелері жөнінде ақпараттандыру.

Кездесу барысында оқушыларға жасөспірімдер жиі жасайтын құқық бұзушылықтардың түрлері мен олардың ауыр зардаптары туралы кеңінен түсіндірілді. Полицейлер заңды сақтау, өз әрекеттері үшін жауапкершілік алу және құқық бұзушылықтарға жол бермеу туралы маңызды ақпаратпен бөлісті.

Сонымен қатар кездесуде буллинг, киберқылмыс және олардың жасөспірімдерге әсері тақырыптары ерекше назарға алынды. Оқушыларға бұл мәселелердің қаншалықты қауіпті екені түсіндіріліп, өздерін осындай жағдайлардан қорғау жолдары ұсынылды.

Мектеп оқушылары құқық қорғау органдарының өкілдерімен еркін форматта пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Мұндай кездесулер құқықтық сауаттылықты арттырып қана қоймай, жас ұрпақты қоғамның саналы әрі белсенді азаматы болуға тәрбиелейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру