Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Есірткі қылмысы үшін сотталған азаматтың анасы тұрғындарға үндеу жасады

Есірткі қылмысы үшін сотталған азаматтың анасы тұрғындарға үндеу жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі тасымалдағаны үшін сотталған азаматтың анасымен сұхбат жариялады. Ана жүрегін сыздатқан өкініш пен мұң, баласының жасаған қателігіне деген күйініш – бұл үндеу көптеген ата-анаға ой салары анық.

Бір ғана қате қадам – бүкіл тағдырды талқандайды. 23 жастағы ұлы есірткіні арнайы орындарға жасырып кетумен айналысқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

– Мұндай жағдайға тап болған ата-ана ең алдымен өзін кінәлайды. Жолдасым екеуміз таңның атысы, күннің батысы жұмыста болдық. Баламыздың кіммен араласатынын, немен айналысып жүргенін білмедік. Сабаққа бармайтынын да байқамаппыз. Жаман ортаға қалай қосылып кеткенін аңғармай қалдық, – дейді көзіне жас алған ана.

Кейіннен ұлының жүріс-тұрысы өзгеріп, үйге қонбайтын болды. Киім қалталарынан бейтаныс заттар табылған сайын ана жүрегі алаңдай түсті. Бірақ ұлы сұраққа жауап берудің орнына ашуға булығып, тұйықталып, отбасы мүшелерімен сөйлесуден бас тартты.

– Оның мінезіндегі өзгерістерді байқап, дұрыс жолға салуға тырыстық. Бірде жұмсақтық танытып, бірде қаталдыққа салдық. Жылы сөзбен де, қулықпен де тәртібін түзеуге ұмтылдық. Бірақ бәрі кеш еді. Ол тамақ ішуден, ұйықтаудан қалып, күрт арықтап кетті. Ал үйдегі құнды заттардың жоғала бастауы жағдайдың ушыға түскенін көрсетті, – дейді анасы.

Көп ұзамай есіктерін полиция қақты. Баласының есірткі тасымалдаушы екенін, өзі де сол тыйым салынған заттың тұзағына түскенін сол сәтте ғана білді.

– Бір ғана сәттік қателік ұлымның өмірін талқандады. Бүгінде ол жасаған қылмысы үшін жазасын өтеп жатыр. Өкінеді, бірақ бәрі кеш, – дейді анасы ауыр күрсініп.

Қатпарлы тағдыр, қайғылы жағдай. Бұл оқиға – барша ата-анаға сабақ болуы тиіс. Балаларыңыздың өміріне бейжай қарамаңыздар, оларға әркез жақын болыңыздар. Ал жастарға айтарым – қателік жасамаңыздар! Есірткі – өмірді жалмайтын індет. Оның жолына түскен жанның келешегі тұмшаланады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру