Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Есірткі сатқан петропавлдық тұрғын бас бостандығынан айырылды

Петропавл тұрғынына есірткі сатқаны үшін 8 жыл бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Наурыз айында Петропавл қаласында синтетикалық есірткіні сатты деген күдікпен 47 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол тыйым салынған заттарды жасырын орындардан алып, кейін жеке байланыс арқылы сатып отырған.

Күдіктіні ұстау кезінде полиция қызметкерлері оның жанынан бір бума есірткі затын, ал автокөлігінен тағы 16 буманы тәркіледі. Сараптама нәтижесі бойынша бұл - мефедрон. Тәркіленген заттың жалпы салмағы 35 грамнан асты.

Аса ірі көлемде есірткі сатқан үшін сот 8 жылға бас бостандығынан айыру және қылмыс жасау құралы болған Samsung смартфоны мен Audi автокөлігін тәркілеу туралы үкім шығарды. Үкім заңды күшіне енді.

Жыл басынан бері облыс полицейлері есірткіге қатысты 172 құқық бұзушылықты анықтады. Негізгі назар сату деректерін әшкерелеуге бағытталған. Мұндай 86 факт тіркелді. Заңсыз айналымнан 86 келі есірткі тәркіленіп, екі ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру