Есірткі жасырумен айналысқан сотталғанның өкініші
Есірткі жасырумен айналысқан сотталған өкінішін айтты - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қауіпсіздігі аралас мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың арасында түрлі тағдыр иелері бар. Солардың бірі – 27 жастағы Самат есімді азамат. Ол Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша 11 жылға бас бостандығынан айырылған.
Саматтың айтуынша, ол бір кездері банкте менеджер болып жұмыс істеген. Жұмыстан кейін қосымша табыс табу үшін такси қызметін көрсетіп, отбасын асырауға тырысқан. 2020 жылы отбасын құрған соң, қаржылық қиындықтар көбейіп, қосымша жұмыс іздей бастаған. Сол кезде әлеуметтік желі арқылы аптасына 300 мың теңге табыс табуға болатын жарнамаға көзі түсіп, Telegram мессенджері арқылы интернет-дүкен операторымен байланысып, курьерлік жұмысқа келісім берген.
- Жұмыстың мән-жайын түсіндіргенде, психотроптық заттарды заңсыз тасымалдайтынымды білдім. Бірақ қаржы тапшылығынан келісім беріп қойдым. Бір аптадан кейін алғашқы тапсырма келіп, шотыма 15 мың теңге түсті. Қуанып кеттім. Тапсырысты әдетте қала ішінде 500 теңгеге жеткізетінмін. Бірақ далада жасырылған жерден қара түсті пакеттегі аса ірі психотроптық затты алған сәтімде, полиция қызметкерлері ұстады, – дейді Самат.
Осылайша, заңсыз жолмен келген табыс оның өмірін түбегейлі өзгертіп, бостандығынан айырды. Қазір ол темір тордың ар жағында өткеніне өкініп, жасаған ісіне есеп беріп отыр.
- Оңай жолмен келетін ақшаның ешқандай берекесі болмайтынын енді түсініп жатырмын. Отбасымды, кішкентай қызымды қатты сағынамын. Бостандыққа шыққан соң адал еңбекпен күн көріп, дұрыс жолмен өмір сүремін деген сенімдемін. Жастарға айтарым – қандай жағдай болса да есірткіге жоламаңыздар, оңай ақшаға қызығып, тағдырларыңызды тасталқан етпеңіздер, – деп түйіндеді Самат.
Бұл – заңсыз әрекетке барып, кейін өкініш білдіріп жатқан азаматтың ащы сабағы. Мұндай мысалдар қоғамдағы жастар үшін үлкен ой салып, теріс жолдан аулақ болуға себеп болуы тиіс. Себебі, әр адамның өмірі – өз қолында. Ал адал еңбек пен маңдай тердің жемісі – әрқашан берекелі болмақ.